15.04.2025
ГИМНАЗИАДАНЫҢ МЕДАЛЬДАРЫН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОҚУШЫЛАР ЖЕҢІП АЛДЫ

Бүгін Алматы қаласына Златибор (Сербия Республикасы) қаласында өткен Дүниежүзілік гимназиадаға қатысып, ел намысын абыроймен қорғаған Қазақстан Республикасының жасөспірімдер ұлттық құрамасы салтанатты жағдайда оралды.

Жас спортшылар бокс, еркін күрес, дзюдо және шахмат секілді спорттың негізгі бағыттары бойынша жоғары кәсіби шеберліктерін, табандылықтарын және жеңіске деген құлшыныстарын көрсете отырып, халықаралық аренада елдің абыройын асқақтатты.

Байрақты бәсекенің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпы саны 11 жүлдеге ие болды. Оның ішінде – 6 алтын (бокс - Айбек Садык, Шыңғыс Макаров, Сайлаукази Сымбат, Нұрболат Амир, Алимбай Нұртас; дзюдо - Серікқали Бақдәулет), 1 күміс (еркін күрес - Висхан Арашев) және 4 қола (бокс - Алихан Смағұл; дзюдо - Ерасыл Қалмағанбет; еркін күрес - Нұрқожа Қалыбек, Мансұр Ақылбай) медаль бар. Шахмат турнирінің қорытындысы бойынша Жанат Нұрым мен Олтинай Алгаппарова Халықаралық әділ ойын комитетінің медалімен марапатталды. Бұл көрсеткіш – жас спортшылардың жанкешті еңбегінің, бапкерлердің кәсіби шеберлігінің нәтижесі ғана емес, сонымен қатар еліміздегі мектеп спорты мен бұқаралық спорттың даму деңгейінің айқын дәлелі.

Айта кетерлік жайт – гимназиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері - «AUYL SPORT» жобасының қатысушылары, сондай-ақ олардың жетістігіне зор үлес қосқан бапкерлері меценат Тимур Құлыбаевтың қолдауымен алғыс хаттармен және қомақты ақшалай сыйақылармен марапатталды.

Мұндай қолдау – ауылдық және өңірлік спортты жүйелі түрде дамытуға бағытталған нақты қадам ғана емес, сонымен қатар өскелең ұрпақтың спортқа деген ынтасын арттыратын қуатты мотивациялық фактор болып табылады.