10.11.2025
АUYL SPORT 2025: ҰЛТТЫҚ ДОДА МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Шалғайдағы ауыл мектебінен басталған арман биыл Алатаудың етегінде үлкен аренаға ұласты. Бір жыл бойы елдің түкпір-түкпірінде өткен іріктеу кезеңдерінен суырылып шығып, ауыл намысын қорғауға келген мыңдаған жас спортшының жеңіс жолы өз мәресіне жетті.

Бұл республикалық турнир – ауыл балалары үшін мереке ғана емес, жылдар бойғы еңбектің, табандылықтың, арманға адалдықтың жарқын нәтижесі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға ерекше басымдық берді. Мемлекет басшысының бастамасын үнемі қолдайтын Тимур Құлыбаевтың Halyk қоры «AUYL SPORT» турнирін қатарынан екінші жыл өткізіп, мықтыларды анықтады.

Жоба жыл басынан бері 17 облысты, 300-ден аса ауылды қамтыды. 10 мыңнан астам жасөспірім бақ сынаған додада 1700 ең үздік спортшы финалға жолдама алып, 3–6 қарашада Алматыда бас қосты. Оларға елдің ең үздік төрешілері баға берді.

Спортшыларға кәсіби деңгейде жағдай жасалып, олар өзін халықаралық аренада жүргендей сезінді. Алаңдар заманауи стандартқа сай жабдықталды, қатысушылар тегін киіммен, жатын орынмен, тасымалмен қамтамасыз етілді.

«AUYL SPORT» – ауыл жастарына спорт арқылы үлкен арманға жол ашуға бағытталған Тимур Құлыбаев бастаған «Halyk» қорының маңызды жобасы. 2024 жылы бастау алған бағдарлама алғаш күннен-ақ шалғайдағы мыңдаған жасөспірімге үміт сыйлап, спортқа деген талпынысын арттырды. Былтыр бір жыл ішінде 200 ауылдан 12 мыңнан астам бала қатысып, дебют маусым елдің ең ауқымды ауыл спорт мерекесіне айналды. Алматыда өткен финалда 1300 талантты спортшы жиналып, тарихи жарыстың бір бөлігі болды.

Бастама нәтижесі де ұзақ күттірмеді. 2025 жылғы көктемде «AUYL SPORT» жеңімпаздары Қазақстан құрамасына қосылып, Сербияда өткен Гимназиадасына жол тартты. Әлемдік деңгейдегі беделді байрақты бәсекеде Қазақстаннан барған 22 жас спортшының 12-сі – ауыл балалары. Ел құрамасы жарысты 11 медальмен аяқтап, биік нәтижеге қол жеткізді. Оның төрт медалін ауыл спортшылары жеңіп алып, ауылда туып-өскен таланттардың мүмкіндігі шексіз екенін дәлелдеді.