21.07.2026
Қазақстан дрон-футболдан FIDA кубогында сәтті өнер көрсетті

Корея Республикасында 15-17 шілде аралығында өткен FIDA Intercontinental Cup 2026 халықаралық турнирі өз мәресіне жетті. Жарысқа әлемнің 20-дан астам мемлекетінен 60-тан астам команда қатысты.

Қазақстан атынан алты команда сынға түсті: Class 20 және Class 40 техникалық санаттарында өнер көрсеткен екі ұлттық құрама, сондай-ақ Class 20 санатындағы төрт клубтық команда.

Турнир қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар лайықты нәтижелер көрсетті. Class 40 санатындағы ұлттық құрама алтыншы орынға ие болса, Class 20 санатындағы құрама жарысты жетінші орынмен аяқтады. Сонымен қатар қазақстандық клубтық командалардың бірі турнирдің ең үздік он командасының қатарына енді.

Ұйымдастырушылар қазақстандық делегацияның өнерін жоғары бағалады. Еліміздің барлық командалары жоғары дайындық деңгейі, спорттық шеберлігі және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін International Excellence Award халықаралық сыйлығымен марапатталды.

Бүгінде дрон-футбол Қазақстанда қарқынды дамып келе жатқан технологиялық спорт түрлерінің біріне айналып отыр. Елімізде клубтар желісі кеңейіп, ұлттық құрамалар жасақталуда, спортшыларды даярлау жүйесі жетілдірілуде. Сонымен қатар спортты, инженерлік технологияларды және ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаруды біріктіретін бұл жаңа бағытқа жастардың қызығушылығы артып келеді.

FIDA Intercontinental Cup 2026 турнирінің нәтижелері Қазақстандағы дрон-футболдың жүйелі түрде дамып келе жатқанын және отандық спортшылардың халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін айқын көрсетті. Жинақталған тәжірибе мен қол жеткізілген жетістіктер еліміздің осы заманауи әрі болашағы зор спорт түріндегі позициясын одан әрі нығайтуға берік негіз қалайды.