12.10.2025
ҚАЗАҚСТАНДА БАСЫМ СПОРТ ТҮРЛЕРІ АЙҚЫНДАЛДЫ

Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі жоғары жетістіктер спортының басым түрлерінің тізбесін бекітті. Тізімге Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Параазия ойындарының бағдарламаларына енген 65 спорт түрі, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері кірді. Аталған бағыттарға дене шынықтыру мен спорт саласындағы негізгі бюджеттік қаржыландыру шоғырландырылмақ.

Ведомствоның мәліметінше, бұл шешім елдің спорт саясатын реформалау аясында қабылданған. Реформаның мақсаты - мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалану, Қазақстанның халықаралық спорттық беделін арттыру және басым бағыттарды қолдаудың ашық жүйесін қалыптастыру.

Басым спорт түрлерінің тізіміне енбеген, ірі халықаралық ареналарда ұсынылмаған спорт түрлері бұқаралық спорт аясында дамытылады. Мұндай бағыттарды қаржыландыру жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне беріледі, ал халықаралық жарыстарға қатысу көбінесе бюджеттен тыс көздер есебінен жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлері алғаш рет олимпиадалық пәндермен тең мәртебеге ие болды. Бұл - ұлттық бірегейлікті нығайту және қазақстандық дәстүрлерді спорт арқылы дәріптеу жолындағы маңызды қадам.

Министрлік өкілдері атап өткендей, жүргізіліп жатқан реформалар елдің спорт жүйесін тұрақты дамытуға бағытталған: бұқаралық спорттан бастап жоғары жетістіктер спортына дейін. Ұзақ мерзімді перспективада бұл Қазақстанның әлемдік аренадағы нәтижелерін тұрақтандыруға және салауатты, спорт сүйер ұлт қалыптастыруға септігін тигізеді.