Қытайдың Чанша қаласында Азия мектеп спорты федерациясының Бас ассамблеясының отырысы өтіп, оған Азияның 16 мемлекетінің, соның ішінде Қазақстанның өкілдері қатысты.
Отырыс барысында өңірдегі мектеп спортын одан әрі дамыту мәселелері қаралып, Федерация қызметінің негізгі бағыттары бекітілді және алдағы үш жылға арналған ASSF халықаралық жарыстарының күнтізбе жобасы талқыланды. Сонымен қатар, Федерацияның Атқарушы комитеті мен өзге де басшылық органдарының сайлауы өтті.
Халықаралық спорттық күнтізбені қалыптастыру барысында Қазақстан мектеп оқушылары арасындағы регби-7 және кросс-кантри бойынша Азия чемпионаттарын өткізуге дайын екенін растады.
Бас ассамблея алаңында қазақстандық делегация Халықаралық мектеп спорты федерациясының президенті Желько Танасковичпен, сондай-ақ Азия мектеп спорты федерациясының басшылығымен жұмыс кездесулерін өткізді. Қытай өкілдерімен өткен кездесудің негізгі тақырыптарының бірі гуманитарлық және жастар алмасуын кеңейту, оның ішінде Қытайдың мектеп оқушыларының туристік және білім беру делегацияларының Қазақстанға сапарларын ұйымдастыру мәселесі болды. Қытай тарапы бұл бастамаға қызығушылық танытып, оны бірлесіп жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.
Қазақстанның ASSF Бас ассамблеясына қатысуы еліміздің халықаралық мектеп спортын дамытудағы белсенді рөлін және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде ілгерілетіп келе жатқанын тағы бір мәрте растады.
