Бүгін Астанада Мектеп спорт федерациясы мен Қазақстан волейбол федерациясы мектеп ортасында волейболды дамытуға және Халықаралық мектеп спорт федерациясы (ISF) мен Азия мектеп спорт федерациясы (ASSF) аясындағы халықаралық жарыстарға қатысатын құрама командаларды қалыптастыруға бағытталған Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Құжатқа Мектеп спорт федерациясының Бас хатшысы Нурлан Алтынбеков пен Қазақстан волейбол федерациясының бірінші вице-президенті Арман Кабесов қол қойды.
Келісім жас спортшыларды дайындау, олардың халықаралық жарыстарға қатысуы және балалар мен жасөспірімдер волейболын дамытуға арналған бастамаларды бірлесіп жүзеге асыру бойынша тараптардың күш-жігерін біріктіруді көздейді. Ынтымақтастықтың алғашқы қадамы – 4-13 желтоқсан аралығында Қытайда өтетін волейболдан (U15) Әлем чемпионатына қазақстандық команданың қатысуы болмақ.
Тараптар ұйымдастырушылық, әкімшілік және өкілеттік мәселелерде, сондай-ақ жобалар мен іс-шараларға ақпараттық қолдау көрсету бағытында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін растады.
Бұл келісім мемлекетіміздің балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауға бағытталған стратегиялық ұстанымын айқын көрсетеді және волейболды жүйелі түрде күшейтуге, халықаралық қатысуды кеңейтуге, сондай-ақ елдің спорттық әлеуетін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
