07.02.2026
ИТАЛИЯДА 2026 ЖЫЛҒЫ ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫ АШЫЛДЫ

7 ақпанға қараған түні Италияда 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Миландағы әйгілі «Сан-Сиро» стадионы ашылу салтанатының басты алаңына айналды. Сондай-ақ рәсім Кортина-д’Ампеццо, Ливиньо және Предаццо қалаларындағы алаңдарды да қамтыды. Осылайша, бұл салтанат қысқы Олимпиада тарихындағы ең кең географиялық аумақта ұйымдастырылған шаралардың біріне айналды.

Салтанатты шара «Armonia» (Гармония) атты ортақ тұжырымдама аясында өтті. Бұл идея қала мен таулы кеңістіктің, әртүрлі мәдениеттің, дәуірлер мен Италияның және әлемнің көркемдік дәстүрлерінің үйлесімін бейнелейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Armonia – бұл құндылықтарды бейне, дыбыс және сезім арқылы жеткізе білу қабілеті. Бұл Италияның өнері мен шығармашылығын танытатын ерекше саяхат іспеттес.

Ашылу рәсімінің көркемдік бөлігі «Bellezza» (Сұлулық) көрінісімен басталды. Онда «Ла Скала» театр академиясының шамамен 70 бишісі тірі мүсіндер бейнесінде өнер көрсетті. Қойылым әйгілі мүсінші Антонио Канованың еңбектерінен шабыт алған үлкен барельефтің қалыптасуымен аяқталды.

Одан кейін «Fantasia» (Қиял) атты көрініс қойылды. Бұл қойылым италиялық қиял мен шығармашылық еркіндіктің символы болды. 240-тан астам әртіс түрлі түстерге бөлініп өнер көрсетті. Хореография мен көркем элементтер Италия мәдениетінің сан қырлы болмысын әсерлі түрде көрсетті.

Италия президенті Серджо Маттарелланың аренға келуінен кейінгі бөлім Италияның қала мен тауларды біріктіретін ел ретіндегі бейнесіне арналды. «Қала мен таулар» атты көркем қойылымға 150-ден астам әртіс, әуе гимнастары қатысып, сахналық құрылымдар тартылды. Олимпиадалық сақиналар біртұтас композицияға айналып, үйлесім мен бірліктің символын бейнеледі.

Спортшылар шеруі таратылған форматта өтіп, салтанаттың ең маңызды сәттерінің біріне айналды. Делегациялар Милан, Ливиньо, Предаццо және Кортина-д’Ампеццо қалаларында кезекпен шықты. Қазақстан құрамасының туын Миланда – Денис Никиша, Ливиньода – Аяулым Әмренова көтеріп шықты. Сондай-ақ қазақстандық спортшылар Предаццо қаласындағы шеруге де қатысты.

ХОК президентінің сөзінен кейін Италия президенті Серджо Маттарелла 2026 жылғы Олимпиада ойындарын ашық деп жариялады. Салтанатты шараның соңғы көркем көріністерінің бірі – актриса Шарлиз Терон қатысқан «Әлем көгершіні» нөмірі болды.

Сонымен қатар Олимпиадалық ант қабылданып, салтанаттың шарықтау шегі ретінде қала мен таулы аймақта орналасқан екі Олимпиадалық шырақ жағылды. Екі алау Милан мен Альпінің, қала мен табиғаттың, дәстүр мен болашақтың арасындағы байланысты бейнеледі.

Милан қаласында басты алау ұстаушылар ретінде тау шаңғы спортының аңыз чемпиондары Дебора Компаньони мен Альберто Томба қатысты. Ал Кортина қаласында алауды тау шаңғысынан Олимпиада чемпионы София Годжа тұтандырды.

2026 жылғы Олимпиадада 36 қазақстандық спортшы 10 спорт түрінен ел намысын қорғайды. Отандастарымыздың алғашқы жарыстары 7 ақпанда басталады.

Сурет: Сали Сабиров және Тұрао Қазанғапов, Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі