25.06.2023
МЕКСИКАДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ТАЕКВОНДИСТЕРДІҢ ЖЕТІСТІГІ

18-25 маусым аралығында Мазатлан қаласында (Мексика) 14 мемлекеттің, оның ішінде Қазақстанның қатысуымен оқушылар арасында таеквондодан (WT) бірінші Әлем Чемпионаты өтті.

Жарысты World Taekwondo және Мексиканың дене шынықтыру және спорт жөніндегі ұлттық комиссиясының қолдауымен Халықаралық мектеп спорт федерациясы мен Мексика мектеп спорт федерациясы ұйымдастырды.

Қазақстан құрама командасына «King Club Astana» және «Legion» отандық таеквондо клубтарының үздік өкілдері кірді.

Жарыстың бірінші күні Астана қаласының «Нұр-Орда» мектеп-лицейінің 6 сынып оқушысы Аятжан Әмірханов (жаттықтырушылар - Арал Садықов, Динара Қабдулова) 12 жасқа дейінгі топта 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Әлем чемпионы атағына ие болды.

Біздің жас таеквондистердің жаттықтырушы Асан Ниязовтың жетекшілігімен сәтті өнер көрсетуі 18 жасқа дейінгі топта да атап өтілді.

63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Әлем чемпионы атағына Алматы қаласы А.С. Пушкин атындағы №4 гимназияның 11 сынып оқушысы Изят Касанов қол жеткізді. Күміс жүлдегерлер Алматы қаласы №35 гимназиясының 10 сынып оқушысы Әзім Ниязов (59 келіге дейін) және Алматы қаласы спорт басқармасы жанындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің тәрбиеленушісі Антон Пак (63 келіге дейін) болды.

Командалық есепте Қазақстан құрамасы Тайвань мен Бразилия құрамаларынан жеңіліп, үшінші командалық орынға ие болды.