2026 жылғы 22–30 қыркүйек аралығында Қытайдың Юэян қаласында Азия мектеп спорт федерациясының (ASSF) қамқорлығымен мектеп командалары арасында (18 жасқа дейін) баскетболдың 3×3 түрінен III Азия чемпионаты өтті. Турнирге Бангладеш, Бруней, Қазақстан, Қытай, Макао, Малайзия, Непал, Сингапур және Таиландтан 20 команда қатысты.
Қазақстан бұл чемпионатқа алғаш рет қатысты. Еліміздің намысын жаттықтырушы Ангелина Щеднованың жетекшілігіндегі Астана қаласындағы FIZMAT Academy баскетбол мектебінің тәрбиеленушілерінен құралған команда қорғады. Қазақстандық спортшылардың жарысқа қатысуына Қазақстанның Мектеп спорт федерациясы қаржылай қолдау көрсетті.
Қазақстандық команда А тобында Қытай, Малайзия, Бангладеш, Непал және Сингапур командаларымен ойнады. Жас баскетболшылар құрлықтағы мықты мектеп командаларымен кездесіп, турнирдің соңғы ойынында тартысты бәсекеде Бруней құрамасына 15:18 есебімен жол берді. Чемпионат қорытындысы бойынша команда өз санатында 11 команданың ішінен 8-орынға ие болды.
Қазақстандық спортшылар арасындағы үздік жеке нәтижені Дмитрий Новосельцев көрсетті. Ол данк-контестте 100 ұпайдың 95-ін жинап, екінші орын алды. Бірінші орынды Қытай спортшысы, ал үшінші орынды Сингапур өкілі иеленді.
Қазақстанның Мектеп спорт федерациясының өкілдері: «Алғашқы қатысу үшін бұл – жақсы бастама. Жігіттер құнды халықаралық тәжірибе жинады және бұл тәжірибе олардың алдағы уақытта дамуына негіз болады», – деп атап өтті.
Федерация командаға қолдау көрсеткен ата-аналарға, жаттықтырушыларға және барлық жанашыр азаматтарға алғыс білдіреді.
Қазақстанның Мектеп спорт федерациясы отандық мектеп оқушыларының халықаралық жарыстарға қатысуына алдағы уақытта да қолдау көрсетуді жалғастырады. Осындай турнирлерде өз спортшыларының өнер көрсетуіне мүмкіндік жасағысы келетін ұйымдар Ұлттық мектеп спорты желісіне қосылуға шақырылады.
