Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен жыл сайын 5-11 сынып оқушылары арасында Ұлттық мектеп лигасы көп кезеңдік спорт жарыстары өткізіледі. Ұлттық мектеп лигасы аясында 10 спорт түрінен 41 жарыс 4 кезеңде (мектепішілік, аудандық / қалалық, облыстық, республикалық) ұйымдастырылады.
2021-2022 оқу жылында халықаралық, республикалық спорттық-бұқаралық, дене шынықтыру-сауықтыру іс-шараларының күнтізбелік жоспарына сәйкес Ұлттық мектеп лигасының бағдарламасы «Шұбар доп» волейбол, «Былғары доп» футбол, «Теңбіл доп» футзал, «Ұшқыр доп» гандбол, «Алтын доп» баскетбол, 3х3 баскетбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, асық ату, бес асық, жеңіл атлетикалық кросс жарыстарынан тұрады.
Айта кетейік, 2020-2021 оқу жылында Лига бойынша спорттың 9 түрінен (баскетбол, волейбол, гандбол, футбол, футзал, үстел теннисі, президенттік көпсайыс, асық ату, бес тас) 27 жарыс өткізілген. Онда 4187 қатысушыны қамти отырып, жарыстардың әр түрінде орта есеппен 14 команда бақ сынаған. Барлығы 446 алтын, 443 күміс, 441 қола медаль, 144 кубок, 1474 диплом сарапқа салынған. Мектеп лигасының жарыстары Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Семей, Орал, Талдықорған, Щучье, Көкшетау, Павлодар қалаларында өтті.
Ұлттық мектеп лигасының 2021 жылғы қорытындысы:
1 орын – Түркістан облысы;
2 орын – Алматы қаласы;
3 орын – Шымкент қаласы;
4 орын - Жамбыл облысы;
5 орын – Павлодар облысы;
6 орын – Маңғыстау облысы.
Бүгінгі таңда бірінші кезеңге 1 898 135 (55,8% ), екінші - 744 566 (21,9%), ал үшінші кезеңге 10 спорт түрі бойынша 47 590 оқушы қатысуда.
1 сәуірде Өскеменде волейболдан «Шұбар доп» (9-11 сынып), баскетболдан «Алтын доп» (9-11 сынып), Шымкентте футзалдан «Теңбіл доп» (9-11 сынып), Қызылордада гандболдан «Ұшқыр доп» (9-11 сынып) жарыстары басталады.
Ұлттық мектеп лигасының 4-кезеңі 8 шілдеге дейін жалғасады.