Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Дүниежүзілік XIX жазғы гимназиаданың жеңімпаздарымен, жүлдегерлерімен кездесті.
Аталған іс-шараға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, еліміздің көрнекті спорт шеберлері мен мектеп оқушылары қатысты. «Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік гимназиадаға алғаш рет қатысуда. Соған қарамастан дебют сәтті өтті», — деді вице-премьер. Оның айтуынша, мұндай жетістікке Мемлекет басшысының балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту бағытындағы жүйелі шараларды іске асырудағы қолдауы өз септігін тигізді. Жарысқа Қазақстаннан 234 оқушы қатысты. Біздің құрама 70 елден келген командалар арасынан жүлделі үшінші орынға ие болды. Жас спортшылар 86 медальға ие болды, оның ішінде 33 алтын, 32 күміс және 21 қола медаль бар. Қазақстандық құрама спорттың 13 түрі бойынша жүлделі орындарға ие болды.
«Гимназиадада көрсеткен жоғары көрсеткіштер елде спортты дамытудағы атқарылып жатқан бірқатар жұмыстардың нәижесі», — деді Е. Тоғжанов.
Премьер-Министрдің орынбасары қатысушылардың ата-аналарына балалардың лайықты тәрбиесі үшін алғыс айтты. Сондай-ақ жаттықтырушылар мен мұғалімдердің, жеңімпаздарға чемпиондық рух ұялатқан спорт және басқа да мектептер ұжымының маңызды рөлін атап өтті. Жас спортшыларға болашақта әлемдік ареналарда көк туымызды желбіретіп, Олимпиада ойындарында еліміздің атын асқақтата беруге тілектестік білдірді.
Іс-шара соңында Е. Тоғжанов 2024 жылы мерейтойлық XX Дүниежүзілік гимназиада Бахрейнде өтетінін айтып, мектеп оқушыларын даярлау үшін Үкімет тарапынан толық қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Дереккөз: https://24.kz/kz