Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Қазақ ұлттық спорт университетіне (ҚҰСУ, Университет) барып, оның материалдық-техникалық базасымен, білім беру инфрақұрылымымен және негізгі қызмет бағыттарымен танысты.
Бүгінде Университет жаттықтырушылық қызмет, спорт ғылымы, спорт медицинасы және оңалту, спорт журналистикасы, спорт менеджменті, спорттағы жасанды интеллект пен аналитика, киберспорт және өзге де бағыттар бойынша мамандар даярлайды.
Университет халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып, академиялық ұтқырлық, қос дипломды білім беру бағдарламаларын және шетелдің жетекші жоғары оқу орындары мен білім беру ұйымдарымен бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруда. Серіктестер қатарында Eklore-ed School of Management, Corvinus University of Budapest, Università degli Studi Guglielmo Marconi, Swiss Institute және Hungarian University of Sports Science бар. Сондай-ақ Xinhua Daily Media Group және Nanjing Polytechnic Institute ұйымдарымен бірлесіп Спорт журналистикасы медиаорталығын құру жұмыстары жүргізілуде.
Университет базасында қауіпсіз әрі адал спортты дамытуға және талантты жастарды қолдауға бағытталған бірқатар жобалар іске асырылуда. Олардың қатарында 3,5 мыңнан астам педагог пен 100-ден аса халықаралық жаттықтырушы-сарапшы даярланған Құтқару инновациялары және алғашқы көмек көрсету орталығы, спорттағы әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған Women in Sport RK бастамасы, сондай-ақ Life Chance Grant және Merit Grant гранттық бағдарламалары бар.
Спортшыларды диагностикалаудың, емдеу мен қалпына келтірудің, сондай-ақ оларды ғылыми сүйемелдеудің заманауи технологияларын біріктіретін Спорттық медицина және оңалту орталығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Білім беру үдерісінің, клиникалық тәжірибенің және ғылыми зерттеулердің ықпалдасуы жоғары білікті мамандар даярлауға және спорт медицинасына заманауи тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді.
Сапар қорытындысы бойынша Олжас Бектенов Қазақ ұлттық спорт университеті білім беру, ғылым және тәжірибені ұштастыратын заманауи орталыққа айналып, еліміздің спорт саласын дамыту үшін бәсекеге қабілетті мамандар даярлауы тиіс екенін атап өтті.
Фото: primeminister.kz
