20–21 шілдеде Белград қаласында (Сербия Республикасы) Халықаралық мектеп спорты федерациясы (ISF) Бас ассамблеясының отырысы өтті.
Бас ассамблея жұмысына мектеп спорты жөніндегі ұлттық федерациялардың өкілдері қатысты.
Отырыс барысында ISF-тің есепті кезеңдегі қызметінің қорытындылары шығарылып, негізгі халықаралық жобаларды іске асыру нәтижелері қаралды, сондай-ақ ұйымды одан әрі дамытудың басым бағыттары айқындалды.
Бас ассамблеяға қатысушылар Федерация президентінің, Атқарушы комитеттің, тұрақты комиссиялардың және жұмыс органдарының есептерін тыңдады. Талқылау барысында халықаралық деңгейде мектеп спортының қарқынды дамуы, жарыстар географиясының кеңеюі, білім беру бастамаларының жүзеге асырылуы және мектеп спортының ұлттық федерациялары арасындағы ынтымақтастықтың нығаюы атап өтілді.
ISF аясында алдағы уақытта өтетін халықаралық жарыстардың таныстырылымына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, қатысушыларға 2026 жылдың қазан айында Қытайдың Сучжоу қаласында өтетін мектеп оқушылары арасындағы футболдан әлем чемпионатына дайындық барысы туралы ақпарат ұсынылды. Ұйымдастырушылар делегаттарды чемпионатқа дайындық жұмыстарының жай-күйімен, жарыс бағдарламасымен, логистика, инфрақұрылым мәселелерімен және қатысушы елдердің күтілетін құрамымен таныстырды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі ISF-тің басшылық және атқарушы органдарын кезекті мерзімге сайлау болды. Дауыс беру қорытындысы бойынша Желько Танаскович ISF президенті болып қайта сайланды. Сонымен қатар ұйымның жаңа басшылық құрамы мен Атқарушы комитеті жасақталды.
Бас ассамблея ISF-тің мектеп спортын дамыту, халықаралық әріптестікті нығайту, салауатты өмір салты құндылықтарын дәріптеу және балалар мен жастардың ірі халықаралық спорттық іс-шараларға қатысуына жаңа мүмкіндіктер жасау қағидаттарына адалдығын тағы да растады.
