06.04.2025
СЕРБИЯДАҒЫ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ГИМНАЗИАДА

5 сәуірде Сербия Республикасының Златибор қаласында (U15) Дүниежүзілік гимназиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Әлемнің 50-ден астам елінен жиналған 4500-ден аса жас спортшыларды біріктірген бұл ірі халықаралық дода спорт, достық пен өзара түсіністіктің жарқын көрінісіне айналды.

Салтанатты шара Златибор қаласының жүрегі - Патшалар алаңында өтті. Қатысушылар мен қонақтарды Халықаралық мектеп спорт федерациясының президенті міндетін атқарушы Юсеф Белькасми, Сербия мектеп спорт федерациясының төрағасы Желько Танаскович және Сербия Республикасының спорт министрі Зоран Гаич құттықтап, мектеп спортының жастарды тәрбиелеудегі, олардың әлеуетін ашудағы және елдер арасындағы достықты нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті.

Гимназиада бағдарламасына 25 спорт түрі бойынша жарыстармен қатар, мазмұнды мәдени және білім беру шаралары енген. Бұл іс-шаралар жас буынның көшбасшылық қасиеттерін қалыптастырып, олардың таным көкжиегін кеңейтуге, түрлі мәдениеттермен диалог орнатуына және белсенді азаматтық ұстанымға бастауға бағытталған.

Қазақстан атынан додаға «AUYL SPORT» республикалық лигасының жеңімпаздарынан жасақталған құрама қатысуда. Құрамға бокс, еркін күрес, дзюдо және шахмат спорт түрлері бойынша үздік жас спортшылар енген. Жасөспірімдер құрамының осы беделді халықаралық алаңда өнер көрсетуі «Халық» қайырымдылық қорының, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының, сондай-ақ Мектеп спорт федерациясының қолдауы нәтижесінде мүмкін болды.

Қазақстандық жас спортшылардың Сербиядағы бұл жарысқа қатысуы - олардың спорттық шеберлігін әлемге танытып қана қоймай, елімізде бұқаралық спортты дамытуға серпін беретін маңызды қадам.

Спортшыларымызға сәттілік пен жеңіс тілейміз!