09.03.2023
ҮСТЕЛ ТЕННИСІН ДАМЫТУ САЛАСЫНДАҒЫ СЕРІКТЕСТІК

Бүгін Алматыда мектеп спорт федерациясы Президиумының төрағасы Нұржан Нұрахметов пен Қазақстан Республикасы үстел теннисі федерациясының Бас хатшысы Данил Пак үстел теннисін дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Тараптар білім беру субъектілерінде үстел теннисін дәріптеудің маңыздылығымен келісті және жаттықтырушылар құрамын даярлау мен біліктілігін арттыруға, жарыстарды ұйымдастыру мен өткізуге, Дүниежүзілік гимназиадаға және басқа да халықаралық турнирлерге қатысу үшін құрама командаларды қалыптастыруға бағытталған жобаларды бірлесіп іске асыруға уағдаласты.

Кездесу аясында үстел теннисі федерациясының Бас хатшысы Данил Пак мектеп спорт федерациясының өкілдерін үстел теннисі орталығымен таныстырды.

Меморандумның тараптары атап өткендей, үстел теннисі перспективалары бар серпінді, қызықты және тартымды ойын ретінде танылады. Жақын арада бірлескен жұмыс жоспарлары бекітілетін болады. Бұл ретте серіктестіктің тиімділігіне берік сенім бар.