02.05.2023
МЕКТЕП СПОРТЫ ЖҮЙЕСІНДЕ ЖАҢА САЯСАТ БЕКІТІЛДІ

28 сәуірде Мектеп спорт федерациясының Президиумы спорт командаларының (спортшылардың) халықаралық жарыстарға қатысу саясатын бекітті.

Халықаралық жарыстар деп Халықаралық мектеп спорт федерациясы өткізетін Дүниежүзілік мектеп ойындары (Дүниежүзілік жазғы және қысқы гимназиадалар), спорт түрлері бойынша әлем чемпионаттары түсініледі.

Саясатқа сәйкес, халықаралық жарыстарға қатысу үшін спорттық командаларды (спортшыларды) айқындау аккредиттелген республикалық спорт федерацияларымен бірлесіп Мектеп спорт федерациясы өткізетін іріктеу жарыстарының нәтижелері бойынша жүзеге асырылатын болады.

Аккредиттелген республикалық спорт федерациясының ұсынысы бойынша ағымдағы күнтізбелік жылы Қазақстан Республикасының тиісті жас санатындағы чемпионаттарында бірінші орын алған спорт командалары (спортшылар) халықаралық жарыстарға қатысуға жіберілуі мүмкін.

Саясат келесі мән-жайлар орнатылып бекітіледі:

халықаралық жарыстарға қатысуға үміткерлер халықаралық жарыстарды өткізу кезеңінде жалпы білім беретін мекемелердің немесе колледждердің білім алушылары ретінде болуға тиіс;

аккредиттелген республикалық спорт федерациясымен спорт түрін танымал ету және дамыту жөніндегі келісімшарт болмаған жағдайда, халықаралық жарыстарға қатысуға кандидат Мектеп спорт федерациясының мүшелері болып табылатын спорт ұйымдары (клубтары) арасындағы іріктеу жарыстарының нәтижелері бойынша ғана айқындалуы мүмкін. Бұл ретте іріктеу жарыстарын, олардың мақсатына сай, білікті спорт төрешілерін тарта отырып, Мектеп спорт федерациясы дербес өткізеді;

спорт командаларының (спортшылардың) халықаралық жарыстарда қатысуын қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған түрлі көздерден жүзеге асырылуы мүмкін.

Осы саясатты меншік нысанына қарамастан барлық мүдделі ұйымдар орындауға міндетті.