27.06.2019
ФУТБОЛ – БАРЛЫҚ ҰРПАҚТАРДЫҢ ОЙЫНЫ

«Футбол десе ішкен асын жерге қоятын» барлық континенттердегі футбол жанкүйерлерінің армиясы, миллиардтаған бюджеті бар танымал футбол клубтары және миллиондап ақша табатын футбол жұлдыздары. Әлемде ең танымал спорт түрі атанған қазіргі уақыттағы футболды біз дәл осылайша елестетеміз. Жалпы футболдың пайда болуы адамдардың аяқпен түрлі домалақтанған заттарды тебуге деген құштарлығы және содан жарысқа әуестенуіне байланыстырылады. Ерте кезеңдерде алғашқы доптар ағаштан, папирустан және тіпті жануарлардың ішек-қарындарынан да жасалған. Ондай мәліметтерді тарихшылар адамзаттың ежелгі құжаттарындағы жазбалардан тапқан. Футболдың негізін қалаушылары ретінде британдықтар саналады, олар бірінші болып футбол клубтарын құрды және 1846 жылы ережелер жинағын бекітті, ал 1871 жылы бірінші футбол жарысын –Англия Кубогын - өткізді. Бірақ та футболға ұқсас ойындардың одан көп бұрын таралғанын әркім біле бермесе керек. Мысалы, Ежелгі Қытайда аяқпен доп ойыны «чжу-кэ», Ежелгі Спартада «эпискирос», ал Ежелгі Римде «харпастум» деп аталған. Спорттың бұл түрінің атауы ағылшын тілінің екі «foot» (аяқ) және «ball» (доп) деген сөздерінен шыққан, сондай-ақ көптеген елдерде ол «soccer» деген атпен белгілі. Бастапқыда бұл ойын спорт түріне жатпаған, ол тек ақсүйектердің ойын-сауығы ретінде қабылданды. Бірақ та танымалдығының өсуіне байланысты футбол спорт қауымдастығының көңілінен шығып, ресми, оның ішінде, халықаралық жарыстар өткізіле бастады. 1872 жылы тұңғыш рет халықаралық ресми матч Англия және Шотландия құрамаларының арасында өтті, ал бірінші әлем чемпионаты Уругвайда 1930 жылы ұйымдастырылып, жарыс иелері оның бірінші жеңімпазы атанды. Біздің елімізде футбол ХХ ғасырдың басында дами бастады және алғашқы футбол клубтары Семейде 1913 жылы құрылды, олар: «Ярыш», «Орлята», «Олимп», «Ласточка». Ал 1936 жылы Қазақ ССР-нің тұңғыш біріншілігі өтіп, онда Алматы қаласының құрама командасы чемпион атанды. Тәуелсіз Қазақстанда халықаралық футбол тарихы 1994 жылы біз FIFA –Халықаралық футбол ассоциацияларының федерациясының құрамына кіргенде басталады. 2002 жылы Европалық футбол ассоциациялары федерациясының (UEFA) құрамына кіргенге дейін біздің ел жарыстарға Азия футбол конфедерацияның мүшесі ретінде қатысты. Өкінішке орай, өзінің барлық футбол тарихында біздің ел әзірге бірде бір рет континенталдық және әлем біріншіліктерінің финалдық кезеңінде өнер көрсете алмай келеді, соған қарамастан біз футбол командаларымыздың спорттық табыстарына кәміл сенеміз.

Әлімжан Акбаров,

Мектеп спорт Федерациясының қоғамдастықпен байланыс жөніндегі маманы