10.07.2019
ЖОҒАРЫ ЖЕТІСТІКТЕР СПОРТЫНА БАСТАР ЖОЛЫ

Жаңа ел батырының туындауы. Жаңа олимпиядалық чемпион. Ұлт мақтанышы. Фанфарлар, әуежайда қарсы алу. Сыйлыққа берілген көлік және пәтерлер. Миллиондаған жанкүйерлері мен әлеуметтік желілердегі жазылушылары. Балалар спорт мектебінің табалдырығынан аттаған әрбір жас спортшының арманы осылайша қалықтайды. Мұндай жол олардың әрқайсысында әрқалай басталады. Біреулері ата-анасының нұсқауымен келеді, енді біреулері үлкен халықаралық жарысты көргеннен соң білек сыбанып келсе, тағы өзгелері мектептегі достарының ұсынысымен аяқ басады. Сол сәтте олардың ешқайсысы армандарының ең болмағанда жартысына жақындау үшін қандай қиыншылықтардан өтетіндігін сезбесе керек. Алғашқы күмәндану кезекті таңертеңгі ұйқыны қимай тұрудан кейін туындай бастайды, себебі өз организмінің көбірек ұйықтағанын қалайтын әрбір баланың ондай ауыртпалықты көтере қоюы екіталай. Кейбіреулері үшін ерте тұруға машықтанған басқа балалардың алдында өзін әлсіз сезіну нағыз проблема. Енді біреулерге шын мәнісіндегі дене ауыртпалықтары тіпті қауіпті және күші жетпейтіндей болып көрінеді. Міне, дәл осындай жағдайларда, мектепке келген балалардың жартысы ғана қалғанда, нағыз чемпионның жолы тәуекелмен бастау алады. Әрине, мұндай кезде балаларға ата-аналары үлкен қолдау көрсетулері тиіс. Өйткені бала табиғатынан әкесі мен анасына сенуге және де олардың ақыл-кеңестерін тыңдап, орындауға бейімделген. Баланың жаттығулары мен жетістіктеріне ата-анасы үнемі қызығушылық танытса, ол дегеніңіз баланың бойында чемпиондық қасиеттердің пайда болуына септігін тигізері анық. Талант тумасынан не табиғатынан бастау алса, жеңімпаздық қасиет тек жүйелі жаттығулардан ғана қалыптасатыны сөзсіз.

Мінеки, көзі ашып-жұмғанша бірнеше жылдық маңдай терін төккен, әлсірететін халге дейін, тіпті түрлі жарақаттарға ұрындыратын жаттығулар артта қалды. Бала ағзамы ауыртпалықтарды көтеруге кәдімгідей дағдыланды. Таңертең ерте тұру еш қиын емес. Осы жерде жасөспірім спортшының болашақтағы өміріне маңызды ықпал ететін тағы бір сұрақ туындайды. Көп жағдайларда ондай шешім ата-аналарға байланысты, себебі, олардың пікірінше, өз баласының тағдырын тек солар ғана шешуі тиіс. Бұл дұрыс па әлде басқаша ма – төрелігін айта алмаспын. Менің ер жету кезеңімде ондай шешімге 90-шы жылдардың басындағы тұрақсыз экономикалық ахуал қатты әсер етті, ол уақытта қаржыландыруы болмауына байланысты спортшы мамандығы ғарышкер сияқты қол жетпейтін арман еді. Сол кезде өз баласын тұрақтылықтың кепілі болып саналатын заңгер немесе қаржыгер мамандығы жолына бағыттайтын ата-анаға ешқандай да талант ықпал ете алмайтын. Ал қазіргі спортты тұрақты қаржыландыру және жақсы алғышарттар мен инфрақұрылымның болуы уақытанда көптеген ата-аналар өз балаларының спорттағы болашағына сенімділікпен қарайды және елеулі қаржы қосып, оларға қолдау көрсетіп отырады. Өйткені қазіргі заманда кәсіби спортшы табысты қаржыгерден кей жағдайда көп ақша алмаса кем таппайды. Осы жағдайларды талдай келе, сіздердің назарларыңызды мына мән-жайға аударсам деген ойым бар – ең бастысы, баладан не болғанда да кәсіпқой спортшы шығарам деп мақсатты түрде қатып қалу талап емес. Адамның сан қырлы екенін өздеріңіз де жақсы білесіздер, сондықтан баланың болашақта қай салада өзін-өзі танытатындығын дөп басып айту өте қиын. Осы тұрғыдан алғанда, балаларға олардың өздеріне ұнайтын бағыттарда өз күштерін сынап көруіне мүмкіндік берген дұрыс деп санаймын. Сіздің қалауыңыз бойынша емес, тек олардың өздеріне ұнайтын салада екендігіне тағы назар аударамыз. Оларды түрлі көрмелерге, концерттерге немесе спорт шараларына апарыңыз. Сәйкесінше, сіздің балаңыз өзін қандай да бір рольде сынап көруі үшін өзіңізден мүмкіндік талап етеді. Ата-анасы немесе жаттықтырушысы балаға спорттың қандай да бір түріне нағыз қызығушылығын оятпаса, олардың күшпен чемпион боламыз деген ойлары еш нәтижеге жеткізбейді. Балаға өз таңдауын жасауға мүмкіндік беріңіз, сонда ғана ол өзінің чемпиондық жолында барынша күш-жігерін шыңдайтын болады.

Зейнулла Ақан,

Мектеп спорт Федерациясының менеджері